Ақыл мен сабыр
Ойласаң ақыл қымбат ашу арзан,
Отырмын жіпке тізіп сөзден маржан.
Артымда өзім өлсем сөзім қалсын,
Қанағат әкелі Махаббат бұны жазған.
Қара сөз жазғаным ғой құрап ойдан,
Сауымда қалмаушы едім жиын-тойдан.
Кеткен соң қол-аяғың бекер екен,
Айланып шығалмайсың терең ойдан.
Ойласаң ашу дұшпан ақыл жолдас,
Уақыт өтіп кеткен қайта айланбас.
Туысың қатын-балаң жиған мүлкің,
Өлген соң саған еріп бірі бармас.
Тар жерде сабыр ақыл болар серік,
Ашуға қапелімде берме ерік.
Ашуды ақыл менен тоқтатпасаң,
Ұятқа қалдырады өкіндіріп.
Сабырлы жетер мұратқа сабырсыз қалар ұятқа,
Миың болса басыңда осы сөзге тұрақта.
Сол қолыңа оң қолың арашашы болмаса,
Ашу менен барып тауды құлатпа.
Денің сау болса керек емес кедей-байың,
Ұғар деп жазғаным ғой сөздің жәйін.
Болғанда ақыл таяқ ашу пышақ,
Таяғың қысқармай ма жонған сайын.
Қиялдап әр нені ойлап кете берем,
Арман ой алға тартып жетелеген.
Болмаса жүз жасайтын ғұмырың жоқ,
Жалғанды тұрсаң ойлап бекер екен.
Қорытынды толғаулар
Азғана білгенімді жаздым хатқа,
Білем деп айта алмаймын бәрін жатқа.
Жазуға бұдан әрмен білерім аз,
Кешіргей артық-кемі кетсе қата.
Арманым жете білім оқымадым,
Сабақтан қол үзген соң тоқымадым.
Айланып қу тірліктің кесірінен,
Арман ғып күн кеткен соң отырамын.
Ойымда жаттамалы қырық екі әріп,
Есептің төрт амалын қосам алып.
Оқысам әлде шіркін қайтер едім,
Ғылымнан өкінемін кенже қалып.
Көп жасаған біле бермейді әрбір нені,
Көп кезген көргені көп сол біледі.
Бұрыннан мақал бар ғой айтып кеткен,
Көп жасағаннан сұрама көп кезгеннен сұра деді.
Ащы менен тұщыны татқан біледі,
Алыс пенен жуықты жортқан біледі.
Таң атып күн батып өмір өтіп жатыр әйтеу,
Мен секілді көкірегі соқыр не біледі.
Бәрін айтта бірін айт саулық берсін Алла,
Көргеннен де көрмеген көп әлі алда.
Туыс-туған аман боп әрқашан да,
Жаратушым бір Алла қайғы-уайым басқа салма.
Тағдыр мен пәнде
Қалам алдым қолыма,
Бастасын Алла оңына.
Жас ортаға келгенде,
Бейнеттің түстім торына.
Зар болдым қайран қолыма,
Өткен күн келмес орнына.
Жанымды бағып жүрушем,
Сойыл бұрын тиер деген сордыға.
Келеміз жылап өмірге,
Кетерміз бір күн жеңіле.
Мәңгілік тірі бір Алла,
Сынады ғой темірде.
Бұйрықтан сенде аспайсың,
Бір аттап әрі баспайсың.
Уақыт мезгіл біткен күн,
Көзіңді жұмып тастайсың.
Жар болсын өзі бір Алла,
Мәңгілік жалған тұрама.
Орныңды Алла береді,
Артыңнан келген соларға.
Несібеңді берер бөліп біреуге,
Келмес қалың бұл менікі деуге.
Бәрі менікі деп жүрген,
Даңғырлаған құр кеуде.
Бермесе Алла маңдайға,
Тартып алар жан қайда.
Кезіктірер бір Аллам,
Жүрсеңде алыс шалғайда.
Сек келтірме Аллаға,
Топырақ шашпа баршаға.
Сабыр түбі сар алтын,
Албаты бекер шаршама.
Көп қорқытар терең батырар,
Түн қылып таңды атырар.
Алмасып мезгіл қыс-көктем,
Құлпырып әлем жарқырар.
Елестеп мәңгі кетпес жастық шағың,
Армандап өткен күнді сағынасың.
Әр нені қиялдайды көңіл шіркін,
Өмірдің заңы солай бағынасың.
Арманға қолың созып жете алмайсың,
Кәрліктің шың құзынан шыға алмайсың.
Анауым мынауым деп жүргенде,
Ажалдың қақпанынан өте алмайсың.
Өстіп жүріп өмір өтер күн-түн демей,
Ертең анау бүрсігүні мынау деп шама келмей.
Күйбің тірлік таң атып кеш батады,
Бітіп жатқан ісің жоқ қалар бітпей.
Бірге жүрген жора-жолдас жақсы адамдар,
Кеткен соң соны іздеп көңіл алаңдар.
Жақсы-жаман арасы жер мен көктей,
Сағынсаң да шараң жоқ оны таба алар.
Өмірде жақсы-жаман қатарласқан,
Жақсының орнына жамандық бек таласқан.
Жақсының орны толмас бір өкініш,
Жақсыға кеп жамандық тай таласқан.
Жамандық жақсы менен егескендей,
Секілді палуандар белдескендей.
Жақсыны шығып барып тыш табады,
Ақыры жоқ болады теңескендей.
Жақсы дегенім адам өмірі ғой,
Жаман дегенім ажалды айтқаным ғой.
Астарын айтқан сөздің ұғынарсың,
Өзімше түсінер деп айтқаным ғой.
Екі ауыз сөзім қалсын өрнектеген,
Адамға айтып келмес ажал деген.
Тырманып жиған мүлкің артта қалар,
Кетерміз кебін атты көйлекпенен.
Азғана білгенімді жазған болдым,
Жетпіске жасым жетіп ауру болдым.
Жан кетіп қол-аяқтан бейнет шырмап,
Секілді қурап қалған гүлдей солдым.
Кебінің түймесі жоқ жағасы жоқ,
Адамның өлгеннен соң жаманы жоқ.
Тіріде бай-батыр болсаң да керегі жоқ,
Қаларсың өлген күні аруақ боп.
Сынаптай сырғып өтер өмір деген,
Сұм ажал еш нәрседен жеңілмеген.
Әр кімнің бір басында арманы бар,
Жетсем деп дәмеленген көңіл менен.
Үмітің үзілмейді өл-өлгенше,
Өмірден қалың кетіп жеңілгенше.
Анау-мынау деп күнің өтер,
Астына қара жердің көмілгенше.
Өзіңнен қал кеткен соң жоқтың қасы,
Алланың добы деген адам басы.
Өзің мен өзің болып отырасың,
Кеңесіп кеткеннен соң тең құрдасы.
Сөзімді жазғаным ғой ойда жүрген,
Бір кезде құрбы қайда ойнап жүрген.
Саулықта сан жоқ ойда түк жоқ,
Сол құрбым бәрі кетті бірге жүрген.
Кейінгі ұрпақтарым аман жүрсін,
Басына келмеген жан қайдан білсін.
Жетпістің келіп жеттім дәл қасына,
Көңілім баладаймын әттең шіркін.
Сөзімді ойда жүрген жаздым хатқа,
Бір Алла зиын берген адамзатқа.
Сөзімнің керектісін аларсыңдар,
Ұрпақтар жазып кеттім аманатқа.
Сөзімнің ұға білсең түйіні көп,
Сөз астарын түсінбес зиыны жоқ.
Сыры жатыр тереңде ойлап қара,
Әр кімнен де қалады дүние боқ.
Шешендікпен жазғам жоқ бұның бәрін,
Бастан өткен өмірден алдым тәлім.
Көп жортқам жоқ көргенім аз білерім жоқ,
Азырақ жазғаным ғой Мақаң кәрің.
Дерт пен сабыр
Дүние екі айланып келмес қайта,
Атымның аяңдайын басын тарта.
Шамамша ойда барды жазған болдым,
Азырақ дем алайын осы арада.
Терең ой жүйкемді жеп кеміреді,
Басына келмеген жан не біледі.
Ішімде не жатқанын ешкім білмес,
Қайғысыз қара суға семіреді.
Адамға айтуға да айтпау да қандай қиын,
Өмірдің арқаладым ауыр жүгін.
Сауымда жүруші едім еш қаперсіз,
Бейнет бейнет емес, осы уайым болдау маған қиын.
Ауыру бір Алланың сынағы ғой,
Қу жаным өлгенімше шыдаймын ғой.
Өзегім өрт боп жанар ойлап кетсем,
Ой менен кең дүниеге симадым ғой.
Басыма жазылмастай берді ау бейнет,
Өзекті ой өртейді кеуде кернеп.
Кеткен соң қал қуатың бәрі бекер,
Қалғайсың құлашыңды ұзақ сермеп.
Уайым іштен жейді сыртың бүтін,
Ой сезім тұнық емес бітеу түтін.
Өзіңді сабырлыққа келтірмесең,
Оңдырмай құлатады сені бір күн.
Жасымнан мекен етім салбаң тауын,
Тілеймін бір Алладан денің сауын.
Екі елде тірлік етіп біздер жүміз,
Аман жүр әрқашан да аға бауырым.
Аман жүр қайда жүрсең үлкен кішім,
Тынымсыз күйбің дейміз тірлік үшін.
Тек біз емес жан біткеннің бәрі солай,
Осылай алдап қойған өмір шіркін.
Адамға бақ пен дәулет мәңгі емес,
Басыңнан өткен өмір ойда елес.
Жасыңда ден саулық та албырт көңіл,
Егделеп әр нәрсеге сенгің келмес.
Көз көрмей шын болсада сену бекер,
Қара су шөлдегенде дәмі шекер.
Албаты айтқан сөзге сене берсең,
Мен емес сол айтқан деп тентіретер.
Қиял ой — толқын теңіз, айдын көлдей
Ой менен шаршатты ғой тағдыр мені,
Жәйімді ешкім білмес көңілдегі.
Ауыру бейнет бір Алланың сынағы ғой,
Көргенім естен кетпес өмірдегі.
Жасыңда еш уайымсыз сан күлерсің,
Жан-жақты тірлік қуып сен жүрерсің.
Түскенде ғазез басқа ғаріпшілік,
Кәдірін ден саулықтың түсінерсің.
Бір Алла жаратып еді адам құсап,
Өлгенше жазылмастай берді сынақ.
Көп ұзап жүрместей ғып,
Қол-аяқ екеуінде қойды тұсап.
Сау болса дене мүшем арманым жоқ,
Уайым қайғысызда көңілің тоқ.
Не керек дүниенің бар болғаны,
Отырмын қолға қарап мүсәпір боп.
Күнімді көрінгенге салды Құдай,
Екі көзден өшімді алам жылай-жылай.
Шыбын жан шықпаған соң отырасың,
Бұғанда тәубә ғой деп Алладан қуат сұрай.
Кеп жеттік жылжи басып жетпіскеде,
Бұйрықсыз бір Алладан пәлен деме.
Арман ой жетелейді олай-бұлай,
Көңілім құлазиды әлде неге.
Ұрпағым аман болсын Құдай берген,
Бағым ғой маңдайыма Алла берген.
Аллаға сансыз шүкір тәубә деймін,
Шөберем тәй-тәй басып ата деген.
Мұныда көргенде бар көрмеген бар,
Бұйрықтан албаты асып болмайын тар.
Балалар аман жүрсін келешекте,
Бола гөр жаратушым бір өзің жар.
Жаратқан ғұмыр берсін ұрпағыма,
Ойлаған жеткізсін Алла мұратына.
Тілерім бір Алладан балаларға,
Бәрінің жасы жетсін бір ғасырға.
Қиял ой толқын теңіз айдын көлдей,
Жүреміз жайшылықта мұрса тимей.
Бір күні жастық шақтың қандай қымбат,
Жастық шақ өте шығар соққан желдей.
Өмір мен ажал
Егделеп әр бір нені қиялдайсың,
Өмірді қартайсаңда қия алмайсың.
Құзғындай мың жасаған пәнде жоқ қой,
Басыңды сұм ажалдан бұралмайсың.
Өткен соң өмір келмес қайта айланып,
Қалармыз өлгеннен соң тіл байланып.
Уақыт жылжып сырғып өте берер,
Күн батар таңдар атар қайта айланып.
Өмірден біреу кетер біреу келіп,
Уақыт бір қалыпта жатар өтіп.
Жан-жәнтік ырыздығын теріп жейді,
Өмірі таусылғанша мәңгі бітіп.
Қу тірлік өл-өлгенше бітпес күрес,
Кеткенше бойдан қуат көшке ілес.
Жан бермек оңай емес қарап жатып,
Ажалға бегдеп келген әлің келмес.
Екі көз жан шығарда жәудіреген,
Шама жоқ қалар сұлық қайран денең.
Ақырғы соңғы демің шыққан кезде,
Аруақ атады адам деген.
Қолыма қалам алып жаздым нелер
Туыппын мен анадан қалым аздау,
Анамның ден саулығына сәйкес болдау.
Басқасынан мен екем ең нәзігі,
Ту баста маңдайыма солай жаздау.
Бәрінен ең жаманы мен екенмін,
Келген соң жас ұлғая енді білдім.
Мандытып сабақты да оқымадым,
Бәрінен не нәрсенің кенже қалдым.
Ой ойлау қабылетім жетілмеген,
Кісі деп үлкен-кіші теңгермеген.
Жасымнан жасық болдым жасқаншақтау,
Уақыт қайта келмес өкінгенмен.
Сау болса қайран қолым амал шешік,
Ден сауда жүруші едім желдей есіп.
Күнімді әркімдерге қаратқан соң,
Өлместің мен келемін күнін кешіп.
Ауыру жолдас болды жол ортада,
Қал-жайым келе бермес албатыға.
Бір аяқ жала жансар қолда жан жоқ,
Ғарып боп мен отырмын амал бар ма.
Қайтейін қайран қолым зар болғаным,
Жете алмай арманыма зар болғаным.
Қол-аяқ бүтін ден сау болса,
Білінбес аш-кедейің бар мен жоғың.
Бір қолым болмаған соң көңілім арық,
Отырған өлмеген соң көріп жарық.
Өзім теңдес көргенде құрбыларды,
Кетемін ішім күйіп қайғыланып.
Әйтеу бір отырған ғой өлмеген соң,
Алланың салғанына көн деген соң.
Киімді сыңар қолмен кию қиын,
Өшімді көзден алам болмаған соң.
Отырам үндеместен іштен тынып,
Немене жабырқаған көңіл сынық.
Алып-жұлып бара жатқан ауырың жоқ болған соң,
Еш адам қарамайды мойын бұрып.
Ауырдым деп айтудан жалығасың,
Іштей ойлап шығармай тарыласың.
Сау адамдарды көргенде,
Сау күніңді еске алып сағынасың.
Қолыма қалам алып жаздым нелер,
Қағазға жазған хатым болып бедер.
Өмірден өзім өлсем қалсын сөзім,
Кейінгі оқып жүрсін немерелер.
Ғалымның шегі болмас оқи берсең,
Ұққанды көкейіңе тоқи жүрсең.
Болмаса бірде тиер пайдасы бар,
Көкейге сақтағанды ұмытпай жүрсең.